2020 жылдың 10 наурызында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл Академияның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалына келді. Бұл — Ерлан Қуанышұлының Орал өңіріне алғашқы сапары.
Іссапар мақсаты — жақында пайдалануға берілген ғимаратты көріп, филиал қызметінің жай-күйімен танысу, жергілікті органдар мен Филиал арасындағы байланысты нығайту және академия түлектерімен кездесу.
БҚО филиалында штаттық кесте бойынша 16 қызметкер жұмыс істейді. Ерлан Қуанышұлы қызметкерлермен жақын танысып, әңгіме барысында Филиалдардың Академияның құрылымдық бөлімшесі ретінде толыққанды жұмыс істеуіне барынша күш салынып жатқанын айтып өтті. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, келесі бағыттарда жұмысты жандандыру қажеттілігіне тоқталды:
- профессор-оқытушы құрамның зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жобалар әзірлеуі;
- мемлекеттік қызметшінің құзыретін көтеру және оқу тиімділігін арттыру мақсатында басқа филиалдармен тәжірибе алмасу;
- мемлекеттік органдардың білікті мамандарының қатысуымен жобаларды жүзеге асыру бойынша орталық құру;
- цифрлық академия бағдарламасының негізінде мемлекеттік қызметшілерді қашықтан оқыту, яғни олардың ақпарат алу, іздену, сол ақпаратпен жұмыс істей білу мәдениетін қалыптастыру.
Сөз соңында академия басшысы қызметкерлерді салауатты өмір салтын ұстанып, жайдары, жарқын көңіл-күймен нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.
Сонымен қатар Ерлан Қуанышұлы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары М.Манкеевпен кездесті және БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілген қызметтер және архивтер басқармасында болып, өңірдегі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.
Іссапар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің кездесуімен жалғасты. Кездесуге БҚО бойынша Академия түлектерімен бірге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғ.Тұрсынбаев қатысты. Кездесу барысында облыс бойынша академия түлектері ассоциациясының жұмысын жандандыру жөнінде сөз қозғалды және Ерлан Қуанышұлы осы тұрғыда өз ұсыныстарын айта келе, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жобалар күтетінін айтты. Филиал директоры мен түлектер Академия басшысына алғыстарын білдіріп, сәт сапар тіледі.
Кездесу соңында Ерлан Қуанышұлы Филиал ғимаратының алдында Академия түлектерінің аллеясын ашып, ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Наурыз мерекесінің қарсаңында жаңару, жасару идеясымен ұштасып жатқан бұл рәсім әрі қарай жалғасын табады деп ойлаймыз.