Сәлем, достар!
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының БҚО бойынша филиалының өткен жұмыс аптасы дәстүрге айналып үлгірген дене жаттығуларымен басталып, қызықты да танымдық өзге оқиғаларға толы болды!
Бұл аптада 23-25 қараша аралығында 2020 жылдың соңғы біліктілікті арттыру семинары және 9 қарашада басталған қайта даярлау курсы тәмамдалды.
Сейсенбіде Филиал басшысы Ш.Төлегенқызы облыстың ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі ретінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің БҚО бойынша департаментінің «Антикор орталығында» тікелей эфирге шықты.
Сәрсенбінің сәтінде INSTAGRAM парақшасында тікелей эфирлер топтамасы жалғасты. «Саналы тәрбие: отбасы, бала және мансап» тақырыбында психолог маман — А.Науанова жұмыс істейтін ата-аналардың және әртүрлі жастағы балалардың тәрбиесінде туындайтын қиындықтар жөнінде түсінік беріп, оларды шешудің лайфхактарымен бөлісті. Сондай-ақ, ҚР мемлекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаевтың қонақ дәрісін Филиал қызметкерлері түгелдей тыңдап қана қоймай, одан үлкен рухани азық алды. Филиал профессоры М.Нұртазин осыған қатысты дөңгелек үстел, брейнсторминг ұйымдастыруға ұсыныс жасады.
Дәстүрлі «Development Day» аясында оффлайн режимінде Ұлтымыздың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлидің туғанына 85 жыл толуына жергілікті ақын Орынбек Меңдіқұловпен сыр-сұқбат өте әсерлі өтті.
Сонымен бірге ұжым мүшелері мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті жетілдіру бойынша «Qazaqstan Project Management Awards 2020» форумының ресми ашылуына және 1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының ең алғашқы төрағасы қызметін атқарған, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, зейнеткер – Кенжебай Әлжанұлы Нығметтің қонақ дәрісіне қатысты.