Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалында облыс әкімі аппаратының жетекшілеріне арналған «Жеке және командалық тиімділік» тақырыбы бойынша семинар – тренинг басталды.
Семинардың тыңдаушылары — Орал қаласы әкімі мен Батыс Қазақстан облысы аудан әкімдері және облыстық басқарма басшылары.
Семинардың негізгі мақсаты – басшы лауазымындағы мемлекеттік қызметшілердің адами құндылықтарға негізделген әдіс-тәсілдерді меңгере отырып, кәсіби құзіреттіліктері мен тәжірибелік дағдыларын жетілдіру, халықпен тиімді кері байланыс орната білу, заманауи кәсіби көшбасшылар легін қалыптастыру.
Семинар-тренингтің салтанатты ашылуында Облыс әкімі аппаратының басшысы Шыныбеков А. А. өңірде жүргізілп жатқан кадр саясатының бүгінгі беталысына тоқталды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы Байсалов М.С. мемлекеттік қызметшілердің үздіксіз өзін-өзі жетілдіруінің маңыздылығын атап өтіп, оқуды өткізуге сәттілік тіледі
Семинарды ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сарапшы-тренері, филология ғылымдарының кандидаты, HR-сарапшы Бақытжанова Алтын Қуанышбековна жүргізді.
Семинар барысында тыңдаушылармен келесі тақырыптар бойынша өзекті мәселелер қарастырылды:
Қоғамның қазіргі трансформациясы аясындағы мемлекеттік басқару;
Сервистік және адамға бағдарлану стратегиялары: жаңа мемлекеттік басқару моделінің көрінісі;
Басқарушының көшбасшылығы мен тиімділігі. Басқару стильдері мен коммуникация: диагностикалық тәжірибе;
Жеке және командалық тиімділік. Pro-активті басшы;
Заманауи HR – менеджмент. Корпоративтік мәдениетті қалыптастыру мүмкіндіктері;
БАҚ-пен тиімді өзара іс-әрекет. PR және басшының жеке брендін қалыптастыру.