21 қаңтар күні ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалында осы тақырыпқа арналып өткізілген 2020 жылдың алғашқы семинары Мемлекеттік кірістер департаментінің басшы қызметкерлеріне арналды.
Өз қызметкерлерінің қызмет тиімділігін арттырып, олардың бойындағы шешім қабылдау, өзгерістерді басқару, стратегиялық ойлау құзыреттерін жетілдіру мақсатында Департамент тарапынан «Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі тиімді басшылық» тақырыбы ұсынылған болатын. Осыған орай филиалдың қызметкерлері 8 сағаттық бағдарлама жасап, берілген шектеулі уақыттың ішінде басшы мамандардың құзыреттерін жетілдіруге көмектесетін сабақтар мен тренингтерді қамтуға тырысты. Бағдарлама Департамент тарапынан мақұлданып, келісілді.
Семинар барысында тыңдаушылар мемлекеттік басқарудың заманауи парадигмаларымен танысты, мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормаларын сақтау және оларға қойылатын талаптар туралы ой бөлісті.
Сонымен қатар ынтымақтастық құзыретінің шеңберінде тренингке қатысып, команда құра білу, команда жұмысын тиімді ұйымдастыра білу жолдары мен құралдарын меңгерді.
Семинар соңында филиал басшысы Ж.Даухарин тыңдаушылармен кездесіп, пікір алмасты. Олар семинардың мазмұнды, пайдалы әрі қызықты өткенін атап өтіп, семинардың сағат көлемін ұлғайтуды ұсынды, филиал басшылығы мен қызметкерлеріне, оқытушыларына алғыстарын білдірді.